Дарынды жастар - ұлттың басты капиталы. «Мәңгілік ел» идеясы – дарынды жастардың алға ұмтылудағы қозғаушы күші. «Жастар жылына» орай IT мектеп-лицейінде 2018 – 2019 оқу жылының Республикалық және халықаралық пәндер олимпиадасы мен ғылыми жобалар байқауларында жеңімпаз атанған Ақмола облысының дарынды оқушыларымен форум өтті. «Дарынды оқушы – ұлтымыздың болашағы» атты тақырыпта өткен форумда 2009 жылғы Көкшетау қаласындағы қазақ-түрік лицейінің түлегі, АҚШ-ң Аризона университетін аяқтап, қазіргі таңда «Айкуне» компаниясының бизнесін дамыту бойынша директор қызметін ойдағыдай атқарып жүрген Самтиков Ернар, 2017 жылғы «Білім иновация» лицейінің түлегі, бірнеше дүркін республикалық олимпиадалардың жүлдегері, Гонкон университетінің студенті Ескенов Алмас және де «Болашақ» стипендиясы бойынша Нью-Йорк «Өнер Академиясының» түлегі, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Айдие Айдарбеков қонақта болды. IT мектеп - лицейі қабырғасында өткен форум білімге құштар, өмірде де, таңдаған мамандығында да озық жетістіктерге жету үшін және ел болашағын көркейту жолында тынбай еңбектенуге, білімнің жаңа шыңдарын бағындыруға дайын талантты талапкерлердің басын біріктірді. Форумның құрметті қонағы Ақмола облысының әкімі Маржықпаев Ермек Боранбайұлы оқудағы жоғарғы жетістіктері, тынымсыз жасалған еңбегі мен білімге, жеңіске деген құштарлығы үшін дарынды оқушылар мен ұстаздарды марапаттап , құттықтады.IT мектеп – лицейінің 11 сынып түлегі, Физика пәнінен қалалық, облыстық олимпиадасының жүлдегері, Алматы қаласында өткен Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механикадан зерттеу жұмыстары халықаралық байқаудың 1 орын иегері, «Үздік аттестат» үміткері Мадиев Мирас және «Қазақстан патриоттары» академиясының мүшесі, география пәнінен республикалық олимпиадасының 2 дүркін жеңімпазы, «Әл Фараби» атындағы Қазақ Ұлттық университетінің грант иегері, «Алтын белгі» үміткері Рашитов Ермек облыс әкімінің алғыс хаты және ақшалай сертификатымен марапатталды. Физика пәні мұғалімі Шайзада Байболат дарынды балаларды дамыту жолындағы кәсіби шеберлігі, таланты және ерен еңбегі үшін Ақмола облысы әкімінің «Алғыс хатымен» және блім басқармасының «Құрмет грамотасымен» марапатталды.